Отырар ауданы «Сейітқасым Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2026 жылғы 25 мамыр күні «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып өткізілді.
Іс-шараны мектеп директоры Әріпбек Әділхан Әсілханұлы ашып, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады. Өз сөзінде түлектерге ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары нәтиже көрсетіп, өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, армандаған мамандық иесі атануларына тілектестік білдірді.
Салтанатты жиында облыстық және республикалық деңгейде білім мен спорт салаларында жетістікке жеткен оқушылар жетекшілерімен бірге марапатталды.
Мектеп бітіруші түлектер ақын М.Шахановтың сөзіне, композитор Ш.Қалдаяқовтың әніне жазылған «Ақ бантик» әнін және ақын Қадір Мырза Әлідің сөзіне, композитор Ескендір Хасанғалиевтің әніне жазылған «Атамекен» әнін хормен орындап, іс-шара қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, «Он жылдықтар тоғысында» атты бөлімде мектеп бітіргендеріне 10–20 жыл болған түлектер бас қосып, мектеп бітірушілерге ақ тілектерін арнап, ұстаздарға жылы лебіздерін білдірді.
Іс-шара мектеп бітіруші түлектердің орындауындағы «Соңғы қоңырау» әнімен қорытындыланды.












