Қолөнер шеберіне арналған кабинет ашылды
Біздің білім ордамызда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа өнеге боларлық тұлғаларды таныту мақсатында тағы бір игі іс атқарылды. Мектебімізде белгілі қолөнер шебері Қалназаров Сырлыбай Рысбайұлына арналған арнайы кабинет ашылды.
Сырлыбай Рысбайұлы 1930 жылы 15 шілдеде Қоғам ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келіп, еңбекпен ерте есейген. Әкесі соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен соң, анасы мен атасының тәрбиесінде өсіп, өмірдің қиындықтарын ерте сезінген.
Атасы Қалназар ағаштан киіз үйдің жабдықтарын, ер-тұрман, ат әбзелдерін жасап, темірден түрлі тұрмыстық бұйымдар соққан, сондай-ақ теріден аяқ киім тіккен шебер адам болған. Сырлыбай жастайынан атасының қасында жүріп, оның бар өнерін үйреніп, шеберлік жолын жалғастырған.
Еңбек жолында ол колхоз, совхоздарда ұсталық қызмет атқарып, халыққа қажетті құрал-саймандар жасап берген. Ағаштан ожау, табақ, қасық, ер-тұрман, жүген, өмілдірік сияқты бұйымдар жасап, теріден етік, мәсі тіккен. Оның қолынан шыққан дүниелер ел игілігіне жарап, халықтың алғысына бөленген.
Сырлыбай Рысбайұлының өмір жолы – еңбек пен табандылықтың, өнер мен шеберліктің үлгісі. Ол 2012 жылы өмірден өтсе де, оның өнегелі ісі мен мұрасы ұрпақтарына жалғасуда.
Ашылған кабинетте шебердің өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар, қолөнер бұйымдарының үлгілері мен тарихи деректер қойылған. Бұл кабинет оқушыларға ұлттық өнердің қадірін түсініп, ата-баба мұрасын қастерлеуге үлкен мүмкіндік береді.
Осындай игі бастама арқылы біз ұлттық құндылықтарды сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолында маңызды қадам жасап отырмыз.






