«Сейітқасым Әшіров атындағы жалпы орта мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 20 наурыз күні 8 «Ә» сынып оқушылары сынып жетекшісі Ертай Розаның жетекшілігімен «Армысың, әз-Наурыз» атты тәрбие сағатын өтті. Іс-шараның мақсаты: оқушыларға Наурыз мерекесінің мәні мен маңызын түсіндіру, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау, жас ұрпақты өз мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу. Тәрбие сағаты барысында оқушыларға Наурыз мейрамының шығу тарихы туралы айтылып, Ұлықбек сынды ғұламалардың бұл күнге ерекше мән бергені баяндалды. Сондай-ақ, "Самарқанның көк тасы ериді" деген аңыздың мағынасы түсіндірілді. Көріністер қойылып, әндер шырқалып, ұлттық билер биленді. Қазақ халқының ежелгі дәстүрлері – ұйқыашар, селтеткізер, Қызыр түні туралы да қызықты ақпараттар берілді.Наурыз көжеден дәм татылып, Қызыр атаның батасы берілді. Осындай тәрбие сағаттары оқушылардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақ халқының бай мұрасын дәріптеуге зор үлес қосады.Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!